Мерген ТОҚСАНБАЙ. ӨЛЕҢ. ПОЭЗИЯ. Ұп-ұзақ түн өтті-ау...
* * *
Ұп-ұзақ түн өтті-ау, қамығып.
Қып-қысқа сарғайған таң – үміт.
Шоп-шолақ түсімнің иесі өзіңді,
Оп-оңай ұмытпай, сағынып,
Там-тұмдап сабырдан арылып,
Ап-ауыр бір ойға малынып.
Шап-шағын бөлмеме сия алмай,
Үп-үлкен әлемнен сені іздеп,
сабылып...
Жап-жарық жалғанды түрлентіп,
Жап-жасыл Бағымды бүрлетіп.
Көкпеңбек көктемгі жусанның,
Жеп-жеңіл жұпарын үрлетіп.
Тап-таза көңілмен – ұдайы жас,
Біп-биік еңсем бар – мұңаймас!
Ес-түссіз жүрегім
сезімге
шіп-шикі мас бүгін, удай мас.
Тұп-тұлдыр төзімсіз қалып Мен,
Дәп-дәл сол елгезек қалыппен.
Тұп-тура жаныңа жетсем ғой,
Жып-жылдам! Жарысып жарықпен!
Қым-қиғаш жолдардан бүкіл көп,
Аман-сау жеткенге шүкір деп.
Жұп-жұқа көйлектің астында,
Нәп-нәзік Жүрегің лүпілдеп.
Тұп-тұнық жүзіңнен Ай көріп,
Жап-жарқын күлкіңде қайғы өліп.
Сұп-суық Тағдырым тоңдырса,
Ып-ыстық құшағың жай келіп.
Қап-қалың шашыңды тарқатып,
Қып-қызыл ерініңнен бал татып.
Қап-қара түн өтіп қойныңда,
Аппақ боп қасыңда таң да атып.