Мерген ТОҚСАНБАЙ. БІР ӨЛЕҢ ОҚЫП БЕРЕЙІН

БІР ӨЛЕҢ ОҚЫП БЕРЕЙІН... Бір өлең оқып берейін! Осы жерге кеп Анау да сөйлеп кетті ғой, Мынау да сөйлеп... Бүлкілдеп алып көмейім, Көсілерде тек Анау да «қой», – деп айтпасын, Мынау да «қой», – деп! Бір өлең оқып берейін, Тыңдасаңыздар! Өлең сүйетін Өр Қазақ, Мың жасаңыздар! Нөсерлеп өлең төгейін – Құрғасаңыздар! Ғашық боп тағы қалады-ау, Тыңдаса қыздар! Бір өлең оқып берейін, Есіріп анық! Именбей анау ағамның ескертпесінен! Бір өлең оқып берейін, Көшіріп алып, Көшпенділердің ең көне ескерткішінен. Бір өлең оқып берейін, Махаббатымдай – аяулы. Әдемі қызға айта да алмаған. Мәреден озып көрейін, Ақан ақындай! Құлагер жырды ерттеп бер, Қайтадан маған!!! Бір өлең оқып берейін, Шөлдейтін Әлем! Ұлылығымды мойындап, Мақұлдағанша. Бір өлең оқып берейін – Өлмейтін Өлең! (Өзімен бірге сөзі өлген Ақындар қанша?!) Бір өлең оқып берейін! Жастай ұқтырып мықтылығымды. Төбемнен ауып Күн қызарғанша. Бір өлең оқып өлейін, Қасқайып тұрып! ...үнсіз қалғанша!
Back to Top