ОРАЗАДАҒЫ ӨКІНІШ Мерген ТОҚСАНБАЙ

ОРАЗАДАҒЫ ӨКІНІШ Менің Нәпсім Иманнан Тағы да басым түскенде. Береке болмай қиналам, Бастаған мынау істерде. Қаңғырып жүрмін, қаңғырып, Иттей боп өлген иесі. Мәңгіріп жүрмін, мәңгіріп, Құдайсыз қалған күй – осы! Сүлдерім жетті бұл айға, Сүлік сорғандай боп-бозбын. Құлшылық етпей Құдайға, Қарашы, міне, тоз-тозбын! Көбейіп тұрмыс әлегі, Ауыз бекітпей жүдедім. Періштедей өте пәк еді, Кірледі әппақ жүрегім. Ораза бойы жын-ойнақ, Жүрген жерімді қарашы. Ақырет күнін бір ойлап, Күнәларымды санашы... ...күнәдан мүлде айығар, Күн бар ғой білем тегінде?! Жайнамаздайын жайылар, Жүрегім сонда менің де! Бұл Ғазиз Жаным шаттанып, Бес уақыт намаз оқиды. Құранды жаттар, Һақ танып, Пайғамбарға (с.ғ.с) түскен уаһиды. Сол кезде мынау нұрлы айды, Ұлықтап, күтіп, қадірлеп... Сейіліп бастан мұң-қайғы, Жанымды жүрген жәбірлеп. Нәпсімді түгел құртамын, Ісімде болмас олақтық. Он екі айдың Сұлтанын, Отыз күн бойы қонақ қып! Отыз күн бойы таң алды, Сәресін ішіп, шүкір деп. Сәресі – сүннет, содан соң, Сауап қой тұрған шүпілдеп
Back to Top