Неліктен сені сүйемін?..

Неліктен сені, сүйемін?.. Таңдандым осы сұраққа... Іңкәрлік ілген күйдемін, Жүректе қалдың тұрақтап. Тартымды болдың өзгеше, Байқалдың ерек сезіле. Сезімге керек сөз неше?!. Жеткізу үшін өзіңе... “Сүйгенге бетте, ұмтыл!“- деп, Талай рет толды көз жасқа. Ынтызар жүрек түрткілеп, Қоймады қолды созбасқа. Самалды салқын сезгенмен, Жүректе жалын сөнбеді. Көрместей болып безгенмен, Құштарлық үні өлмеді... Құрықты салып жүрекке, Жүгендеп көрдім, кимеді. Бой бермей мүлдем, жүр текке, Өзгеге көңіл имеді... Алдап та көрдім, уатып, Тұншыққан жүрек тулайды. Сезімді бекем, құлатып, Ұмыту болды мұң-қайғы. Неліктен сені, сүйемін?.. Жауабын таппай қайранмын. Санамды жаулап биледің, Сары ала күйге байландым... Жанар Ешназар 28/07/2018
Back to Top