Австралияда бес ай бұрын басталған өрт әлі ауыздықталған жоқ. Керісінше, қызыл жалын күннен күнге күшейіп, жан жағын жайпап барады. 30 ға жуық адам, 1 млрдтан астам жануар тілсіз жаудан тіл тартпай кетті. Ал өртеніп кеткен өсімдіктердің есебі жоқ. Есі шыққан ел үдере көшіп, қалалар қаңырап қалды. Канберраның өзін түтін тұмшалап, жұрт көшеге шыға алмай, мектептер жабылып, елшіліктер көшіріліп жатыр.
Оттың ырық бермей кетуіне елдегі қуаңшылық пен мұхиттан ескен есер дауыл сеп. Санаулы секундта-ақ ағаштарды жапырған жалынның биіктігі 12 метрге жетеді. Ал одан шыққан қою түтін континентті тұтас жапты. Тіпті, екі мың шақырым жердегі бөлек жатқан Жаңа Зеландияның аспанын қызғылт түске бояды. Көрші елдің билігі де көмекке келмек.
Табиғи апатпен тек өрт сөндірушілер емес, әскерилер мен еріктілер де күресіп жатыр. Ал қауіпсіз жерлерге қашқан қалың бұқара алдынан шыққан аң-құсты қойнына қыса кетуде. Өйткені көз алдыңда жанып жатқан жануарларға бей-жай қарау мүмкін емес.
#1tvkz #смотримвместе #бастыбағдарлама #Қазақстан