Алаш Орда туы қандай болған?

✅ АЛАШ ОРДА ТУЫ ҚАНДАЙ БОЛҒАН? Ғаламторда Алаш Орда туының 2 нұсқасы бар. Нақты қайсысы Алаш Орда туы болып саналады? Барлыбек Сырттанұлының 1911 жылы 13 маусымда “Қазақ елінің уставы“ атты еңбегінде былай деп жазылған: “Қазақ елінің жеке туы бар. Ту жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті бар. Жасыл түс - елдің исламға берілгендігінің белгісі, қызыл - ел қорғауда төгілген қан, сары - қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі“. Барлыбек Сырттанұлының дерегіне сүйенсек Алаш Орда туы жасыл, сары, қызыл жолақтардан құралған ту болып саналады. 1917 жыл 13 желтоқсан – екінші жалпықазақ құрылтайының аяқталып, қазақ даласының түкпір-түкпірінен келген құрылтай делегаттарының тарқаған күні. Ал Алаш қайраткерлерінің жекелеген естеліктері мен құжаттары Алашорда үкіметінің құрылған күні деп желтоқсанның он екісін көрсетеді. Ал құрылтай делегаты, математик Әлімхан Ермековтің мақаласы үкіметтің жасақталған уақыты мен автономия туралы қуанышты хабардың қай сағаттарда айтылғанын нақтылай түседі: «Декабрьдің 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Жасасын Алаш автономиясы!» [«Сарыарқа» газеті, 22 қаңтар, 1918 жыл.] Әлімхан Ермековтің дерегіне сүйенсек Алаш Орда туы қою жасыл түсті, ортасында кәлимасы, жоғарысында “Жасасын Алаш автономиясы“ деген жазуы бар туы болып саналады. Және дәл осы ту мұражайда сақтаулы тұр. Сонымен нақты қайсы ту Алаш Орданың ресми туы саналатыны белгісіз күйінде қалды. Мына төмендегі бейне Алаш туының 3D нұсқасы болып табылады. Өкінішке орай бұл тудың сапалы нұсқасын ғаламтордан таба алмадым. Сол себепті тудың үлгісін фотошоп арқылы жасап, оның анимациялық 3D нұсқасын жарияладым. Тудың жоғарысындағы төте жазуда «Жасасын Алаш автономиясы!» деп жазылған, ал ортасындағы кәлима шаһада «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі». Алдағы 12-13 желтоқсан күндері Алаш автономиясының құрылғанына 105 жыл болады. Құттықтаймын! #АлашТуы #АлашОрда #АлашАвтономиясы
Back to Top